Алматы облысының Ұйғыр ауданында жастар арасында АИТВ туралы ақпараттылықты арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауқымды форум өтті. Іс-шара 2025 жылғы 18 қарашада «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге!» республикалық кампаниясы аясында ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге АИТВ-инфекция жайлы объективті әрі шынайы түсінік беру, зиянды әдеттердің алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Форумды ұйымдастырғандар – Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының мамандары: білім беру бөлімінің маманы А. Аcынова, салауатты өмір салты маманы Ш. Баратова және жастар денсаулығы орталығының дәрігері А. Ысқақ. Іс-шараға сондай-ақ Алматы облыстық АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары — А. Ибраимова мен Н. Қасымов қатысып, АИТВ алдын алу бойынша мазмұнды дәріс оқыды және жасөспірімдермен өзекті тақырыптарда ашық диалог жүргізді.
Бұған қоса, форумға түрлі медициналық бағыттардың мамандары қатысып, маңызды тақырыптарда баяндама жасады. Нарколог Ч. Нұржанов есірткінің зияны туралы түсіндірсе, психолог Г. Қожақанова — зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Жастар денсаулығы орталығының дәрігері А. Ысқақ — салауатты өмір салтының қағидаларын, ал гинеколог Г. Мусаева — адам папилломавирусы (АПВ) және оның алдын алу жолдарын түсіндірді.
Форумға ауданның бес мектебінен келген оқушылар, «Аяжан» медициналық колледжі мен Шонжы политехникалық колледжінің студенттері қатарынан 90 жас қатысты. Қатысушылар мұндай кездесулердің ақпараттылықты арттыруға, өзіне деген сенімді күшейтуге және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер жалғасатынын, бұл жастарды кеңірек қамтуға және денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

