Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

19 қараша 2025 жылы Ұйғыр ауданының білім бөлімі мен Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының келісімімен «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге!» атты республикалық науқан аясында дөңгелек үстел өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелерін білім беру жүйесіне тиімді интеграциялау, сонымен қатар мамандардың ақпараттық құзыреттілігін арттыру.

Дөңгелек үстел жұмысына 95 адам қатысты. Оның ішінде мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, биология пәнінің мұғалімдері және мектеп медбикелері бар. Шара барысында Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының мамандары – психолог Г. Қожақанова, нарколог Ч. Нуржанов, гинеколог Г. Мусаева өз бағыттары бойынша маңызды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандар жасөспірімдер мен ересектер арасында жиі кездесетін тәуекел факторларын, олардың алдын алу жолдарын және мектептердегі профилактикалық жұмыстың маңызын атап өтті.

Алматы облыстық АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес орталығының маманы Н. Қасымов қатысушыларға АИТВ-ның алдын алу шаралары, инфекциямен күресте кездесетін негізгі қиындықтар және АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелерін білім беру жүйесіне тиімді интеграциялау жөнінде мазмұнды дәріс оқыды.

Қатысушылар дөңгелек үстелдің маңыздылығын атап өтіп, мұндай шаралар білім беру саласындағы мамандардың ақпараттық дайындығын күшейтіп, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасын тауып, өңірде АИТВ-ның алдын алу және салауатты мінез-құлық қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек.