ЖИТС-пен күрес күніне орай Алматы облысының Талғар қаласындағы психикалық денсаулық орталығында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» атты ақпараттық-түсіндіру Кампаниясы өтті. Іс-шараға Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог маманы Т. Мырзагулова, сондай-ақ «Доверие плюс» үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік қызметкерлері — К. Духанин, Н. Камарова және С. Кабжалелов қатысты.
Іс-шараның мақсаты — психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатқан, халықтың негізгі топтарына жататын тұлғаларды АИТВ туралы дұрыс әрі дәл ақпаратпен қамтамасыз ету болды. Қатысушыларға АИТВ-ның жұғу жолдары, алдын алу шаралары түсіндіріліп, стигма мен қорқынышты азайтуға қатысты мәселелер талқыланды. Ашық әңгіме, түсіндіру жұмыстары мен практикалық кеңестер қатысушыларға қолжетімді әрі түсінікті түрде жеткізілді.
«Доверие плюс» үкіметтік емес ұйымның әлеуметтік қызметкерлері, өздері де АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ретінде, ашық жүзбен сөз сөйлеп, жеке тәжірибелерімен бөлісіп, іс-шараға маңызды үлес қосты. Олардың әңгімелері қатысушыларға АИТВ диагнозымен өмірге жаңаша көзқараспен қарауға, стигманың салдарын түсінуге және қоғам қолдауы мен медициналық көмектің қолжетімділігінің маңызын сезінуге мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық кездесулер халықтың негізгі топтарымен жұмыс жүргізу барысында АИТВ туралы қате түсініктерді азайтуға, қоғамда қолдау мен толеранттылықты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

