Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы, Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ұйымдастырылған Кампания аясында, Есік қаласындағы «Облыстық арнайы мектеп-интернат №1» КММ базасында ағартушылық шара өткізді. Іс-шара аясында ерекше білім беруді қажет ететін балалар арасында АИТВ-ның алдын алу тақырыбында шығармашылық сурет байқауы және АИТВ-ның алдын алу бойынша ақпараттық семинар өтті.
Сурет байқауы оқушылардың шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік берді. Балалар өз сезімдері мен армандарын, үміттерін бояу мен сызық арқылы жеткізді — әр сурет мейірімге, шынайылыққа және жақсыға деген сенімге толы жеке бір оқиға болды.
«Оқушылар өз жұмыстарында үлкен қиял мен шынайы эмоция көрсетті. АИТВ тақырыбы мен салауатты өмір салтына арналған суреттер жарқын, мазмұнды әрі терең мағынаға ие болды. Әрқайсысы баланың ішкі жан дүниесін және денсаулыққа қамқорлықтың маңызын түсінуін бейнеледі. Мұндай байқаулар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, өзіне деген сенімділігін нығайтуға және дамуына ынталандыруға мүмкіндік береді», — деді облыстық ЖИТС орталығының маманы Н. Қасымов.
Іс-шараға барлығы 85 бала қатысты. Жеңімпаздар келесідей анықталды: Т. Азим — 1 орын, Г. Женисханқызы -2 орын, И. Жолтай — 3 орын.
Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандары оқушылар мен ұстаздарға арналған АИТВ-ның алдын алуы бойынша ақпараттық семинар да өткізді. Қатысушыларға АИТВ-ның берілу жолдары, алдын алу шаралары, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толерантты қатынастың маңызы түсіндіріліп, кең тараған мифтер жоққа шығарылды. Семинар форматы балалар мен ересектерге қызықтырған сұрақтарына нақты жауап алуға мүмкіндік берді.
Алматы облыстық ЖИТС орталығы балаларға, ұстаздарға және мектеп-интернат әкімшілігіне белсенді қатысқаны және жылы атмосфера үшін алғыс білдіреді.

